Сурет: Egemen Qazaqstan
Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери Жәнібек Әлімханұлының жаңа салмақ дәрежесіне ауысқан жағдайда бірден чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізуге мүмкіндігі барын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оливьеридің айтуынша, Жәнібек бұрын екі нұсқа бойынша жеңіліп көрмеген әлем чемпионы болғандықтан, жоғары салмақ дәрежесінде міндетті үміткер мәртебесін сұрай алады. Алайда бұл шешімді ұйымның арнайы комитеті қабылдайды.
«Теориялық тұрғыдан Жәнібек жеңіліп көрмеген бұрынғы әлем чемпионы ретіндегі мәртебесіне сүйеніп, жоғары салмақта міндетті үміткер болуға өтініш бере алады. Енді комитеттің бұл өтінішті қарап, оны Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекітетін-бекітпейтіні маңызды», — деді Густаво Оливьери.
33 жастағы Жәнібек Әлімханұлының қанынан тыйым салынған зат анықталғаннан кейін ол уақытша жарыстардан шеттетілген еді. Осыдан кейін IBF ұйымы оның чемпиондық белбеуін қайтарып алса, WBO титулы сақталып қалды.
Командасы оның желтоқсан айында аяқталатын дисквалификациясын күтпей, орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартып, суперорта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
Боксшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, Әлімханұлы бұрынғы әлем чемпионы ретінде жаңа салмақта бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуға мүмкіндік алуы мүмкін. Суперорта салмақта оның ықтимал қарсыластары қатарында Сауль «Канело» Альварес, Эдгар Берланга, Хамза Шираз және Хайме Мунгия секілді танымал боксшылар бар.
Мазмұнға өту
