Сурет: Akorda.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильміне қатысты пікір білдіріп, туындының адам өмірінің құндылығы мен ағза донорлығы тақырыбын терең жеткізгенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, фильм технологиялық жетістіктерді ғана емес, трансплантацияны күтіп жүрген адамдардың үміті, өмірге деген құштарлығы, өкініші мен қуанышы, рухани күресін де әсерлі көрсете алған.
«Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін», деп жазды Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 4 739 адам трансплантация кезегінде тұр, олардың 125-і – балалар.
«Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді», деді Аида Балаева.
Сонымен қатар Аида Балаева донорлық мәселесі әр адамның жеке таңдауы екенін айтып, бұл тақырыпта ешқандай қысым мен айыптауға жол берілмеуі тиіс екенін жеткізді.
«Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет. Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан біз бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор», деді министр.
Еске сала кетейік, деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.
Мазмұнға өту
