Басты тақырып

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6 мыңнан асты

Сурет: Reuters

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6125 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық ассамблеяның төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ресми деректерге сүйенсек, апат аймағынан 6462 адам аман құтқарылған. Сонымен қатар, 60 992 зардап шеккен адам ауруханаларда медициналық көмек алған.

Хорхе Родригестің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға 287 жаңа үй берілген. Бұдан бөлек, ел бойынша 43 679 ғимараттың техникалық жағдайына бағалау жүргізілген.

Билік тұрғын үйлердің қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы түстік белгілеу жүйесін енгізді. Жасыл белгі – тұруға жарамды, сары белгі – шектеулі пайдалануға болатын, ал қызыл белгі – қауіпті әрі бұзылуы мүмкін ғимараттарды білдіреді.

Еске сала кетейік, 25 маусымға қараған түні Венесуэланың солтүстігінде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі болды. Магнитудасы 7,2 және 7,5 болған екі ірі жер сілкінісі небәрі 39 секунд айырмашылықпен қайталанды. Одан кейін тағы 782 дүмпу тіркелген. Елде қайғылы оқиғаға байланысты жеті күндік аза тұту жарияланды.

Көп оқылғандар