Басты тақырып

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5546-ға жетті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Венесуэлада бір ай бұрын болған жойқын жер сілкіністері салдарынан қаза тапқандар саны 5 546 адамға жетті. Жаңартылған мәліметті елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, соңғы бір апта ішінде алған жарақаттарынан тағы 148 адам қайтыс болған. Жалпы жараланғандар саны 16,7 мыңнан асты.

Табиғи апат салдарынан 18 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. 190 ғимарат толық қирап, тағы 856 нысан тұруға жарамсыз болып қалды. Үйінділер астынан 6 462 адам аман-есен құтқарылды. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқандықтан, құрбандар саны артуы мүмкін.

Билік мәліметінше, 48 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілген. Баспанасыз қалғандар үшін уақытша лагерьлер ұйымдастырылып, зардап шеккен өңірлерге азық-түлік пен қажетті заттар жеткізілуде.

Жер сілкіністері 24 маусымда болды. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті дүмпуді тіркеген. Екі дүмпудің арасы шамамен 40 секунд болған. Одан кейін 1,5 мыңнан астам афтершок тіркелді.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, апаттан келген экономикалық шығын шамамен 19,6 млрд АҚШ долларын құраған. Ал елді толық қалпына келтіруге 50 млрд долларға дейін қаражат қажет болуы мүмкін.

Көп оқылғандар