Қоғам

Ұзынкөл ауданында оқушылардың дербес деректері заңсыз таратылды

Сурет: ашық дереккөз

Ұзынкөл ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың жеке деректерін қорғау талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Екі мектептің лауазымды тұлғалары оқушылардың дербес деректерін заңды өкілдерінің жазбаша келісімінсіз қызмет көрсетуші ұйымдарға берген. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының бірінің ресми сайтында кәмелетке толмағандардың дербес деректері бар құжаттар ашық қолжетімділікте орналастырылған.

«Аталған заңбұзушылық үшін мекеме басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында интернет-контентті тиісті деңгейде сүзгілеу қамтамасыз етілмегені анықталды. Салдарынан оқушылар зорлық-зомбылық пен құмар ойындарды насихаттайтын, сондай-ақ деструктивті мазмұндағы интернет-ресурстарға қол жеткізген», делінген Қостанай облысының прокуратурасының хабарламасында.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заңбұзушылықтар жойылды.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының прокуратурасы балалардың пайдасына 37 млн теңге алимент өндірді.

Еске салайық, Ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге арналған сыйлықтарды тиімді бағамен ұсынатын жалған сайттар көбейген. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға алаяқтық схемалар туралы ескерту жариялағанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар