Спорт

Ұлттық ұлан жауынгері Көшпенділер ойындарында Президент марапатын алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Болат Сапар самбодан ел намысын қорғады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Спорттағы жоғары нәтижесі үшін спортшыға Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы әскери қызметшіні жетістігімен құттықтады. Бас қолбасшының орынбасары генерал-майор Бекайдар Казкеев оған алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілеп, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын қорғауына сәттілік тіледі.

Болат Сапар бұған дейін де бірқатар халықаралық және республикалық жарыстарда жүлде алған. 13-15 тамызда ол Мәскеуде өткен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында 98 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді.

Сондай-ақ әскери қызметші Қорғаныс министрлігінің қазақ күресі мен спорттық самбодан ашық чемпионатында жеңімпаз атанып, 98 келіден жоғары салмақта алтын медаль жеңіп алған.

2025 жылы Сингапурда өткен жағажай самбосынан әлем чемпионатында Болат Сапар қола жүлдеге ие болды. Байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен спортшылар қатысқан.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы VІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады.

Көп оқылғандар