Сурет: Иллюстрациялық фото: Ұлттық ұлан
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Балқаш көлінде суға кетіп бара жатқан баланы аман алып қалды. Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысы Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық ұлан мәліметінше, алғашқы болып «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы майор Дияр Жақыпов көмекке келген.
«Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет «Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Сол кездегі бар ойым – уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым», – дейді майор Дияр Жақыпов.
Офицердің жедел әрі шешуші әрекеттерінің арқасында қайғылы оқиғаның алды алынды. Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Мазмұнға өту
