Сурет: Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде белгіледі. Пайыздық дәліз бұрынғыдай ±1 пайыздық тармақ көлемінде сақталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шешім инфляцияның біртіндеп төмендеуіне және экономикалық ахуалға жасалған талдау нәтижесіне негізделген. Жылдық инфляция маусым айында 10,3%-ды құрап, тоғыз ай қатарынан бәсеңдеу үрдісін жалғастырды. Азық-түлік бағасының өсімі де 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеген. Дегенмен қызмет көрсету саласындағы бағаның өсуі сақталып отыр.
Маусым айында айлық инфляция 0,8% болды. Ал халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері 13,4%-ға дейін көтерілген. Сонымен қатар нарық сарапшыларының 2026 жылға арналған инфляция болжамы 10% деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Ұлттық банк сыртқы экономикалық тәуекелдердің әлі де жоғары екенін атап өтті. Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі энергия ресурстары бағасының қымбаттауына әсер етсе, әлемдік азық-түлік нарығында баға әртүрлі бағытта өзгеріп жатыр. Ресейде инфляциялық қысым сақталып, АҚШ пен Еуроаймақта да ақша-кредит саясаты қатаң күйінде қалып отыр.
Соған қарамастан, Қазақстан экономикасында оң өсім байқалады. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 4,1%-ға артқан. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салалары жоғары өсім көрсетсе, шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 28,9%-ға көбейген.
Ұлттық банк инфляциялық қысымды төмендету үшін Үкіметпен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлегенін мәлімдеді. Бұл шаралар ішкі нарықтағы ұсынысты арттырып, инфляцияны тежеуге бағытталған.
Сонымен қатар реттеуші инфляцияға әсер ететін негізгі тәуекелдер қатарында жоғары инфляциялық күтулерді, жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өзгеруін, тұтынушылық сұраныстың артуын және сыртқы нарықтағы баға қысымын атады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімді 2026 жылғы 4 қыркүйекте жариялайды.
Мазмұнға өту
