Басты тақырып

Ұлттық архив 20 жылда 110 миллионнан астам құжатты цифрландырды

Сурет: Ашық дереккөз

Биыл Ұлттық архивтің құрылғанына 20 жыл толды. Осы кезеңде мекеме Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне қатысты маңызды құжаттарды жинақтап, сақтап және ғылыми айналымға енгізетін жетекші архив орталықтарының біріне айналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта Ұлттық архив қорында 404 950 сақтау бірлігі бар. Сонымен қатар 16 миллион кадрдан тұратын сақтандыру қоры жасақталып, архив 278 ұйыммен тұрақты ынтымақтастық орнатқан.

Соңғы жылдары архивті цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Цифрланған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін өсіп, электрондық форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілді. Архивте ірі форматтағы құжаттарды цифрлауға арналған арнайы зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ миллиондаған материалдың ішінен қажетті ақпаратты санаулы секундта табуға мүмкіндік беретін интеллектуалды іздеу жүйесі енгізілген.

Мекемеде Қазақстандағы алғашқы автономды әрі интернетке қосылмаған электрондық оқу залы ашылған. Бұл зерттеушілердің цифрлық құжаттармен қауіпсіз жұмыс істеуіне және архив деректерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тарихи мұраны сақтау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Архивте 19 арнайы қойма, климаттық бақылау және газбен өрт сөндіру жүйелері, сондай-ақ цифрландыру мен реставрация зертханалары жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мамандар 1 447 тарихи құжатты қалпына келтірген.

Ұлттық архив ғылыми-әдістемелік орталық ретінде де маңызды қызмет атқарады. Мұнда мемлекеттік архив қорларының каталогы жүргізіліп, салалық нормативтік құжаттар әзірленеді, ғылыми кеңестер мен семинарлар ұйымдастырылады. Соңғы үш жылда республика бойынша 20-ға жуық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізіліп, Біліктілікті арттыру орталығы арқылы мыңнан астам маман сертификат алған.

Жастардың тарихқа қызығушылығын арттыру мақсатында «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде жобаға қатысушылар саны 500-ден 2 мың адамға дейін артқан. Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Қазақстан тарихы» кабинеті ашылған.

Қоғамдық маңызы бар цифрлық бастамалардың бірі – «Мәңгілік жадымызда – Вечная память» порталы. Қазіргі уақытта онда 705 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет жинақталған.

Ұлттық архив жыл сайын 200-ден астам мәдени-ағартушылық іс-шара өткізіп, ғылыми жинақтар, фотоальбомдар мен әдістемелік басылымдар шығарады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты дамытып, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Эстония, Франция, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің архив мекемелерімен әріптестік байланыс орнатқан.

Көп оқылғандар