Қоғам

Ұлдана Мырзуан ісі: адвокат судьяға қарсылық білдірді, сот үзіліс жариялады

Сурет: ашық дереккөз

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық істі қарау уақытша тоқтатылды. Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың жаңа адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жұбаниязованың мүддесін 20 тамыздан бастап қорғап жүрген адвокат Асхат Алимовтың айтуынша, оған қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға жеткілікті уақыт берілмеген. Қорғаушы мұны сотталушының құқықтарының шектелуі деп бағалады.

Осыған байланысты судья Меруерт Абаева қарсылық туралы өтініш қаралғанға дейін сот отырысына үзіліс жариялады.

«Қазіргі сот отырысында қарсылық білдірілді. Қорғау тарапының тиісті уәждері бар болғандықтан, қарсылықты қарау үшін сот отырысына үзіліс жарияланады», деді судья.

Судьяға қарсылық білдіру туралы мәселе сот төрағасына жолданады. Оны басқа судья немесе сот төрағасының міндетін атқарушы қарайды.

Айта кетейік, Сәуле Жұбаниязова Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша айыпталып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ОСИ төрайымы үйдің қасбетіндегі ақаулардан хабардар болғанымен, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің маңында болған. Шақыртуға келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне тоғызыншы қабаттан кондиционер блогы құлаған. Ауыр жарақат алған қыз жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, он күннен кейін есін жимастан көз жұмды.

Қылмыстық іс бойынша алты адам жәбірленуші деп танылған. Ал Ұлдананың күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартпақ ниетте екенін мәлімдеген. Ол шешімінің себебін түсіндірмеген.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар