Қоғам

Үш облыста әскери техника қозғалысы: Қорғаныс министрлігі ескерту жасады

Сурет: ашық дереккөзден

ҚР Қорғаныс министрлігі Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында ҰҚШҰ-ның «Рубеж-2026» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Оған дайындық және өткізу кезеңінде, яғни 7-30 қыркүйек аралығында аталған үш облыста әскери техника мен жеке құрам қозғалысы жоспарланған.

Оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар, әскерлерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және міндеттерді орындау мәселелері пысықталады. Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізіледі. «Рубеж» оқу-жаттығуы тұрақты түрде ұйымдастырылып, кезекпен мүше мемлекеттердің аумағында өтеді.

Қорғаныс министрлігі азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады. Ведомство көрінеу жалған ақпарат тарату немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салады.

Көп оқылғандар