Сурет: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, ірі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іле ауданында министр сыйымдылығы 120 млн текше метр болатын Күрті су қоймасын көрді. Бұл нысан Іле және Жамбыл аудандарындағы 13,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Қазір Күрті су қоймасы бөгетін реконструкциялауға арналған жобалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ секундына 309 текше метрге дейін су өткізе алатын Тасқұтан су көтергіш бөгетін реконструкциялау құжаты да дайындалуда.
Ислам даму банкімен бірлескен жобаның екінші траншы аясында 2027 жылы Күрті өзеніндегі ұзындығы 62,3 шақырым оң және сол жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау басталады.
Еңбекшіқазақ ауданында министр Бартоғай су қоймасының жұмысымен танысты. Нысанды реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленуде. Жоба бөгетті нығайтуды, су деңгейін тәулік бойы бақылау жүйесін енгізуді, қақпаларды автоматтандыруды, жергілікті ескерту жүйесін орнатуды және жаңа инфрақұрылым салуды көздейді. Бартоғай су қоймасы Еңбекшіқазақ, Қарасай және Талғар аудандарындағы 66,3 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етеді. Нысанның жобалық сыйымдылығы — 320 млн текше метр.
Министр Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының ұзындығы 1,53 шақырым учаскелерін қайта жаңғырту нәтижелерімен де танысты. Канал арнасы тұтас темірбетонмен қапталып, техникалық жай-күйі жақсарып, су өткізу қуаты артты, су шығыны азайды. Бұл 33,3 мың гектар суармалы жердің сумен қамтылуын жақсартты. Қазір ұзындығы 15,5 шақырым канал учаскесін реконструкциялау жобасы толық әзірленді, ал ұзындығы 110 шақырым учаскелерді реконструкциялау құжаты дайындалуда.
Еңбекшіқазақ ауданында Нұржан Нұржігітов Балтабай суару алқабындағы жұмыстармен танысты. Мұнда Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясындағы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 94%-ы орындалған.
Сапар соңында министр «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қызметкерлерімен кездесіп, әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып, оларды Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады.
— Премьер-министр министрлікке гидротехникалық нысандардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ трансшекаралық өзендердегі су шығыны мен туындауы мүмкін қауіптер туралы мәліметтермен үздіксіз алмасуды ұйымдастыруды тапсырды. Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының нысандары Алматы облысының су шаруашылығы жүйесінің негізі. Сол себепті барлық жобаның сапалы әрі уақытылы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Министрлік суды тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын дамыту және өңірдегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыстардың орындалуын ерекше бақылауда ұстайды, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

