Қоғам

ҰБТ-дан 140 балл жинаған 12 талапкер грант иегері атанды

Сурет: ашық дереккөз

2026-2027 оқу жылында ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинаған 12 талапкер мемлекеттік білім грантына ие болды. Олардың жартысы халықаралық қатынастар және дипломатия бағытын таңдаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін 7 тамызда жариялады. 140 балл жинаған талапкерлер алты білім беру бағдарламалары тобы бойынша грантқа ие болған.

Ең көп талапкер «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығын таңдаған. Бұл бағыт бойынша алты талапкер – Жасур Нишанбаев, Нұрғанат Қанат, Назерке Сәрсенбай, Інкәр Қыдырбек, Жандос Нұрбаев және Ерасыл Сайлауов грант иегері атанды. Олардың барлығы Maqsut Narikbayev University университетіне түскен.

Қалған талапкерлердің таңдауы мынадай:

«Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» – Әли Лоян (SDU University) және Айсұлтан Жаңбырбай (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті);

«Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» – Әлфия Балхан (SDU University);

«Аударма ісі» – Кәусар Алтынсары (Maqsut Narikbayev University);

«Менеджмент және басқару» – Әсет Альтаир (Maqsut Narikbayev University);

«Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» – Айдос Марат (Қазақстан-Британ техникалық университеті).

Осылайша, 140 балл жинағандардың сегізі Maqsut Narikbayev University, екеуі SDU University, біреуі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және тағы бір талапкер ҚБТУ грантына ие болды.

Әсет Альтаир негізгі ҰБТ-ның өзінде максималды 140 балл жинаған. Ал бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Әлфия Балханның KazTest нәтижесін конвертациялау арқылы қорытынды 140 балл алғанын хабарлаған.

Қалған 10 талапкердің нәтижелері де халықаралық сертификаттар немесе KazTest нәтижелерін конвертациялау арқылы есептелуі мүмкін. Алайда министрлік жариялаған тізімде олардың қайсысы осы мүмкіндікті пайдаланғаны нақты көрсетілмеген.

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры жаңа оқу жылына 350 білім грантын бөлгені хабарланды.

Еске салайық, жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды.

Бұған дейін, Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ нәтижелері бірдей болған жағдайда талапкерлердің басымдығы қалай анықталатынын түсіндірді.

Көп оқылғандар