Басты тақырып

ТЖМ сел қаупі кезіндегі қауіпсіздік шараларын еске салды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Төтенше жағдайлар министрлігі халыққа сел жүру қаупі туындаған жағдайда сақталуы тиіс қауіпсіздік шараларын тағы бір рет еске салды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство дауылды ескертулерді елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Құтқарушылар дауылды ескерту жарияланған кезеңде өзен арналары, шатқалдар және сел жүруі ықтимал өзге де қауіпті аумақтарда болмауға шақырды. Эвакуация туралы хабарлама түскен жағдайда қауіпті аймақтан дереу шығу қажет.

ТЖМ мәліметінше, селдің жақындағаны туралы ескерту берілсе немесе оның алғашқы белгілері байқалса, адамдар ғимараттан тез арада шығып, айналасындағыларды қауіп туралы хабардар етіп, қауіпсіз жерге бет алуы тиіс. Үйден шығар алдында пештің отын өшіріп, газды жауып, электр құрылғыларын тоқтан ажыратып, жалпы электр қуатын өшіру ұсынылады. Бұл өрттің алдын алуға мүмкіндік береді.

Сел қаупі жоғары аймақтарда тұратын тұрғындарға құжаттарын, дәрі-дәрмектерін, жылы киімдерін, ауыз су мен азық-түлік қорын алдын ала әзірлеп, ең қажетті заттар салынған «дабыл сөмкесін» дайындап қоюға кеңес берілді. Сондай-ақ сел жүрген кезде опырылу қаупі бар жерлерден, тас құлауы мүмкін аумақтардан, зақымданған электр желілері мен газ құбырларынан алыс болған жөн.

ТЖМ сел қаупі бар өзендердің маңындағы елді мекен тұрғындарын ресми хабарламаларды мұқият бақылауға және қажет болған жағдайда алдын ала белгіленген бағыттар бойынша эвакуациялануға шақырды. Эвакуация бағыттары мен жиналу орындары туралы ақпаратты аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінен алуға болады.

Көп оқылғандар