Сурет: Үкімет
Әлеуметтік желілерде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан жалған мәлімдемелер жарияланды. Жазбалар бірнеше елде тарап, мыңдаған қаралым жинаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлады. Орталықтың мәліметінше, министрге телінген сөздер X және Bluesky желілерінде орыс, чех және ағылшын тілдерінде тараған. Жалған жазбаларды Орталық және Шығыс Еуропаның бірнеше еліндегі қолданушылар бөліскен.
«Жарияланымдардың бірі бірнеше сағат ішінде X желісінде 12 мыңнан астам қаралым жинап, 200-ден астам қолданушы бөліскен. Бірдей мазмұндағы мәлімдеменің бірнеше тілде бір уақытта таралуы жалған ақпаратты үйлестіріп тарату белгілерін көрсетуі мүмкін», деп атап өтті орталық өкілдері.
Орталық жалған ақпарат елдер арасындағы жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін ескертіп, әлеуметтік желілердегі мәліметтерді ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Қаржы министрі Мәди Такиевтің атынан жалған ақпарат тарады. Қаржы министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Мазмұнға өту
