Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан облысында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту және өңірдің мәдени әлеуетін күшейту бағытында жобалар іске асырылуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Осыған орай Сарыағаш және Келес аудандарында кітапханасы бар екі заманауи мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі әрі мемлекетіміздің айнасы. Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар рухани өмірдің, шығармашылықтың және жастардың жан-жақты дамуының орталығына айналады», – деді облыс әкімі.
Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет ауылында 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылды. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен құны 31 миллион теңге болатын балаларға арналған спорттық-ойын алаңы салынды.
Сол күні Келес ауданының Жүзімдік ауылында да 149 орындық жаңа мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Сарыағаш ауданында бес, ал Келес ауданында төрт мәдениет үйі пайдалануға берілген. Сонымен қатар, биылғы жылдың соңына дейін Келес ауданында аудандық музейдің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Салтанатты рәсімнен кейін Нұралхан Көшеров ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа нысандардың символикалық лентасын қиып, олардың ресми ашылуын өткізді.
Мазмұнға өту
