Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент құттықтауында өңірдің ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау салаларындағы жетістіктерін атап өтіп, облыс тұрғындарының ел дамуына қосқан үлесін ерекше атады.
Қызылжар өңірі осы уақыт ішінде дамудың даңғыл жолынан өтіп, шежірелі өлкеге айналды. Қазір Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймақтарының бірі саналады. Диқандар егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр.
Аймақта ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау салалары қарқынды дамып келеді. Инвестициялық жобалар қолға алынып, өндіріс орындары іске қосылды. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің одан әрі өркендеуіне ықпал ететіні анық.
Бұл өңірде күрделі кезеңде ел бірлігін сақтап, даналық пен көрегендік символына айналған әйгілі Абылай ханның ізі қалған. Солтүстік Қазақстаннан халқымызға және бүкіл әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет саласының көрнекті өкілдері, еңбек ардагерлері, құрметті тұлғалар, әйгілі спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шықты.
Біз біртұтас әрі жасампаз ел ретінде ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асырып жатырмыз. Таяуда ғана ұлт дамуының темірқазығы саналатын Жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді. Бас құжатта халқымыздың сан ғасырлық арман-мұраты мен келешекке бағдар болатын мызғымас құндылықтары нақты көрініс тапты.
Ата Заңды қабылдауға аймақ жұртшылығы да белсене қатысып, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Облыста түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достық дәстүрін сақтап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Берекелі өңір барлық жетістікке азаматтардың жасампаздық қуатының арқасында қол жеткізіп келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігін еселеуге атсалыса бересіздер деп сенемін.
Баршаңызға амандық, толағай табыс тілеймін!
Мазмұнға өту
