Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сену жеткіліксіз. Ол деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейтінін айтты. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Сонымен қатар ұлттық цифрлық қадағалау жүйесі әзірленуде, ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді.
Мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Осы арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамыту көзделуде. Бұған жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады.
Сонымен қатар өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымы дамытылуда, оның ішінде заманауи логистика орталықтары, автоматтандырылған және тоңазытқышпен жабдықталған қоймалар бар. Президент осы салада түбегейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын атап өтіп, қытай компанияларын белсенді қатысуға шақырды.
Мазмұнға өту
