Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға артқан. Бес айдағы көлем 773 миллион долларды құраған. Қазір Қазақстан экономикасының әртүрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді, ал қазақстандық инвестиция көлемі 9 миллиард доллардан асқан.
Экономикалық ынтымақтастық аясында елдер 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтаған. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты да басым бағыт деп атады. Биыл сәуірде «Союз-5» зымыран тасығышы алғаш рет ұшырылды. Бұл Қазақстан мен Ресейдің ғылыми, инженерлік және өндірістік мүмкіндіктерін біріктіре алатынын көрсетті.
Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың нақыл сөзінің мағынасы осыған жақын. Мызғымас достық пен тату көршілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, — деді Президент.
Мазмұнға өту
