Басты тақырып

Тоқаев пен Путин екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбыдағы қонақжайлық үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы кездесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттары бойынша диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей басшысына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.

– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көп оқылғандар