Сурет: Egemen Qazaqstan
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы көлік-логистикалық байланысты күшейту үшін «500+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бастама аясында Астана мен халқы 500 мыңнан асатын Ресей қалалары арасында тікелей әуе рейстері кезең-кезеңімен іске қосылмақ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистикалық ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Астана мен Ресейдің халқы 500 мыңнан асатын шекаралас қалалары арасында тікелей әуе қатынасын жолға қоюды ұсынды.
Қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түрлі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ортақ. Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді», деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың беріктігі өңірлердің, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастықтардың белсенді байланысы арқылы нығая түсетін жоғары деңгейдегі сенімді диалогтан, ең бастысы, миллиондаған адамның достығынан байқалатынын айтты.
«Біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда сабақтастық пен серпінді даму өзара үйлесім тапқан. Ортақ тарихымызды ардақтай отырып, болашаққа бірге көз тігеміз. Қазақстан ұлы Ресей елімен жасампаз стратегиялық серіктестікті дамытуға әрдайым ниетті. Омбы қаласына менімен бірге үлкен делегация келді. Оның құрамында орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шекаралас облыстардың әкімдері, іскер топ өкілдері бар. Бұл біздің жүйелі жұмыс істеп, екіжақты ықпалдастықтың негізгі бағыттары бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуге мүдделі екенімізді білдіреді. Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жылнамасындағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мазмұнға өту
