Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу салтанатына қатысты. Президенттің пікірінше, Қазақстан технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін зор әлеуетке ие, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, энергетикалық ресурстардың мол қоры, маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен қарқынды дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология мен инновациялық экожүйелерді өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, деді Президент.
Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайтынын айтты. Ол ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу және оның Орталық Азиядағы өкілдігін Қазақстанда орналастыру ұсынысын білдірді.
Мазмұнға өту
