Сурет: ашық дереккөз
Қыркүйек айында теңге 4,6%-ға нығайып, ай соңында бір доллар 440,49 теңге болды. Қазақстан қор биржасында (KASE) доллармен сауда көлемі ұлғайып, күндік орташа көрсеткіш 415 млн доллардан 474 млн долларға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қыркүйектегі жалпы сауда көлемі 10,4 млрд долларды құрады. Ұлттық қордан валюта нарығына 200 млн доллар сатылып, бұл биржадағы жалпы сауданың 1,9%-ын немесе күніне шамамен 9,1 млн долларды құрады.
Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қор операцияларын «айнадай» көрсету тетігін іске қосуды жоспарлаған болатын. Оның көлемі 200–300 млн доллар деп күтілген, алайда валюта нарығында доллар ұсынысының көптігінен бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды қашан және қандай көлемде жүргізу нарықтағы жағдайға байланысты шешіледі. Ұлттық банк теңге бағамының негізгі экономикалық факторларға сәйкес қалыптасуын және күрт алыпсатарлық өзгерістерге ұшырамауын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Қыркүйекте алтын сатып алуға байланысты «айнадай» операциялар аясында нарықтан шамамен 374 млрд теңге шығарылды. Ал 2026 жылдың IV тоқсанында осы операциялар шеңберінде шамамен 907 млрд теңгеге тең шетел валютасын сату жоспарланып отыр.
Ұлттық қор қаражатына қатысты операцияларды жүргізу және «айнадай» операцияларды іске асыру кезінде Ұлттық банк нарыққа барынша бейтарап болу қағидатын ұстанады. Қыркүйекте Ұлттық банк теңгені қолдау үшін валюталық интервенция жасаған жоқ.
Сонымен қатар Ұлттық банк БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде зейнетақы активтерінің валюталық үлесін сақтау мақсатында биржада 986 млн долларға шетел валютасын сатып алды. Бұл қыркүйектегі жалпы сауда көлемінің шамамен 9,4%-ын құрайды. Алдағы шешімдер нарықтағы жағдайға қарай қабылданады.
Ұлттық банк валюта нарығындағы операциялары туралы ақпаратты ашық жариялауды жалғастыратынын мәлімдеді. Алдағы уақытта теңге бағамына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы ахуал және геосаяси өзгерістер әсер етуі мүмкін.
Ұлттық банк теңге бағамын нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай икемді қалыптастыру саясатын жалғастырады. Бұл тәсіл нарықтағы теңгерімсіздіктердің жиналуын болдырмауға және елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға бағытталған.
Айта кетейік, кеше доллар 440 теңге шамасында саудаланды.
