Сурет: ТЖМ
Қазақстанның биік таулы аймақтарында адасып қалған туристерге арналған арнайы авариялық жәшіктер орнатыла бастады. Оның ішінде ауызсу, азық-түлік, отын және алғашқы медициналық көмекке қажетті заттар бар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, авариялық жәшіктер ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бақылау бекеттерінің жаңа модульдік үйлеріне орналастырылуда.
Бұл жәшіктер тауда бағытынан жаңылып, құтқарушылардың бақылау бекетіне жеткен туристерге арналған. Саяхатшылар көмек келгенше осы жердегі қажетті заттарды уақытша пайдалана алады.
Жәшіктерде алғашқы медициналық көмек қобдишасы және екі тәулікке жететін азық-түлік жиынтығы бар. Азық-түлік қорына үш түрлі ботқа, екі түрлі бұқтырылған ет, кепкен нан және тұз кіреді. Бұдан бөлек, жәшіктерде сіріңке мен консерві ашқыш қарастырылған.
Саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін жәшіктердегі ақпарат үш тілде жазылған.
ТЖМ бұл бастаманы биік таулы аймақтардағы туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қосымша шара ретінде түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, күтпеген жағдайға тап болған турист бағытынан жаңылып қалса, авариялық қорды пайдаланып, көмек келгенше қауіпсіз жерде уақытша паналай алады. Сондай-ақ бұл қор байланыс қайта орнатылғанға немесе жақындарына хабарласқанға дейін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мамандар туристерге тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райын ескеріп, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды өздерімен бірге алып жүруді ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Бурабайда тауда адасқан 9 шетелдік турист құтқарылғанын, ал Алматы тауында үстіне тас құлаған турист аман қалғанын хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
