Қоғам

Тамыздағы ҰБТ: тестілеуге 30 мыңнан астам адам қатысады

Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін басталған тамыз айындағы ҰБТ 14 тамызға дейін өтеді. Тестілеуге қатысу үшін 30 мыңнан астам өтініш қабылданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қатысушылардың 65 пайызы қазақ тілінде, 35 пайызы орыс тілінде, ал 100 адам ағылшын тілінде тест тапсыруды жоспарлап отыр. Бірінші күні 6,7 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады.

«Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатысады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Еске салайық, Қазақстанда 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға шамамен 233 мың талапкер қатысып, олардың 76 пайызы шекті балды еңсеріп, мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды. 2026-2027 оқу жылында ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинаған 12 талапкер мемлекеттік білім грантына ие болды. Олардың жартысы халықаралық қатынастар және дипломатия бағытын таңдаған.

Көп оқылғандар