Басты тақырып

Таиландтағы өрт: қаза тапқандар саны 30-ға жетті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Бангкоктағы түнгі клубта болған өрт салдарынан қаза тапқандар саны 30 адамға жетті. Тағы 70-тен астам адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Полицияның алдын ала мәліметіне сүйенсек, өрт ғимараттың төбесіндегі ауа баптағыштың қысқа тұйықталуынан шыққан. Құрбандар санының көп болуына қосымша есіктің дұрыс пайдаланылмауы себеп болған. Тағы бір есік жиһазбен жабылып қалған. Бұл оқиға Таиланд астанасында соңғы 17 жылдағы ең қайғылы өрт ретінде тіркелді.

Өрт түнде Бангкоктың солтүстігіндегі «Rong Beer Na Lat Phrao» паб-клубында болды. Алғашқы ақпарат бойынша 27 адамның (9 ер, 18 әйел) қазасы расталған еді. 63 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, оның 22-сі ауыр халде.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға жергілікті уақытпен 23:57-де басталған. Алдымен электр қалқанынан түтін шығып, жарық сөнген, содан кейін қатты жарылыс болған. Ғимараттағы тез тұтанғыш материалдардың кесірінен жалын секундтарда төбе мен қабырғаларды шарпыған.

Құтқарушылар көптеген мәйіттерді ғимараттың артқы жағындағы әжетханалардан тапқан. Адамдар үрейленіп сонда қашқан, бірақ ол жерде апаттық есіктер болмаған. Қала билігі ауқымды тергеу бастады. Қаза тапқандардың көбінде құжат болмағандықтан, олардың аты-жөнін анықтау қиындап тұр.

Көп оқылғандар