Сурет: REUTERS
Бангкок маңындағы элиталық мектепте оқушы оқ жаудырып, алдын ала мәлімет бойынша 6 адам қаза тауып, 15 адам жараланды. Бұл – Таиландта жыл басынан бері мектепте болған екінші атыс оқиғасы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, оқушы мектепте тапаншамен оқ атқан. Құқық қорғау органдары күдіктінің қаза тапқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған, қазіргі уақытта ауыр халде ауруханада жатыр.
Сондай-ақ полиция қарудың күдіктінің отбасына тиесілі болғанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, мектепке келер алдында ол өз әжесі мен атасын да атып өлтірген. Нонтхабури провинциясы полициясының басшысы Дечрапи Конгдидің айтуынша, күдікті – 9-сынып оқушысы. Қылмыстың себебі анықталып жатыр.
Атыс оқиғасы Бангкок маңындағы Нонтхабури қаласында орналасқан беделді Дебсирин мектебінде болды. Бұл оқу орны Таиландтың корольдік әулетінің бастамасымен құрылған. 2025 жылғы мәлімет бойынша мұнда шамамен 31 мың оқушы білім алып, 147 мұғалім жұмыс істеген. Мектеп түлектерінің қатарында Таиландтың белгілі саясаткерлері, ғалымдары мен жазушылары бар.
Бұл – 2026 жылдың басынан бері Таиланд мектептерінде тіркелген екінші атыс оқиғасы. Ақпан айында елдің оңтүстігіндегі мектептердің бірінде оқушы директорды атып өлтіріп, тағы екі оқушыны жаралаған болатын. Ол кезде шабуыл жасаған оқушыны полиция қызметкерлері атып өлтірген.
Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері жұмыс орнында өз-өзіне қол жұмсаған болатын.
Мазмұнға өту
