Сурет: ашық дереккөз
Үкімет мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау мен төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Енді төлемдер «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің 2026 жылғы 31 шілдедегі қаулысына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, төлем операторы және уәкілетті мемлекеттік органдар ақпарат алмасу үшін осы платформаны пайдаланады.
Жоғары оқу орындары шәкіртақы алушылар туралы мәліметтерді, оның ішінде оқу нәтижелерін, алушылар санатын және банктік шот деректерін әр айдың 12-сінен кешіктірмей енгізуі тиіс. Егер бұл күн демалысқа сәйкес келсе, ақпарат келесі жұмыс күні жолданады.
Оператор ақпаратты алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қаржыландыруға өтінім жібереді. Ал ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган немесе өзге де жауапты мемлекеттік органдар қаражатты үш жұмыс күні ішінде операторға аударуға міндетті.
Студенттер туралы мәліметтердің дұрыстығына білім беру ұйымдары жауапты. Егер қате ақпарат салдарынан шәкіртақы артық төленсе, оқу орны бұл қаражатты операторға қайтаруды қамтамасыз етуі керек.
Жаңа редакцияда мемлекеттік шәкіртақының ай сайынғы мөлшері де бекітілді:
- ЖОО студенттері (педагогика және денсаулық сақтау мамандықтарынан басқа) – 52 372 теңге;
- Педагогикалық және денсаулық сақтау бағытындағы студенттер – 84 000 теңге;
- Магистранттар – 117 098 теңге;
- Назарбаев университетінің магистранттары – 218 750 теңге;
- Резидент-дәрігерлер мен «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша магистранттар – 134 664 теңге;
- Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары – 44 516 теңге.
Үкімет қаулысы 2026 жылғы 15 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Мазмұнға өту
