Сурет: Egemen Qazaqstan
10 шілде күні сағат 13:25 шамасында Степногорск қаласындағы көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы балконнан ер адамның секіруге әрекеттенгені туралы полицияға хабар түскен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Үш минут ішінде оқиға орнына патрульдік полиция взводының қызметкерлері Дамир Нұртасов пен Арман Блялов жетті. Полицейлер сегізінші қабатқа көтеріліп, балкон сыртында тұрған ер адамды байқап, онымен сөйлесе бастады. Сақшылар сабырлы түрде әңгімелесіп, оның назарын аударып, сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысты.
Әңгіме барысында ер адамның мұндай қадамға баруына жұбайымен болған жанжал себеп болғаны анықталды. Бір полицей әңгімелесуді жалғастырып жатқан сәтте, екінші қызметкер қауіпсіздік шарасын қолданып, ер адамды балконның ішкі жағына қарай тартып алды.
Полицейлердің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Құтқарылған азамат медициналық қызметкерлерге тапсырылып, қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді.
Мазмұнға өту
