Сурет: ҚТЖ
Бүгін «Нұрлы жол» вокзалынан швейцариялық Stadler компаниясының технологиясымен жасалған вагондардан құралған тұңғыш жолаушылар пойызы рейске шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Пойыз күн сайын №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағытында жүреді. Астанадан сағат 13:10-да аттанып, Алматыға келесі күні таңғы 08:30-да жетеді.
Жөнелту алдында БАҚ өкілдері жаңа вагондардың техникалық жабдықталуымен және жол жүру жағдайларымен танысты. Бірінші жолаушыға естелік сыйлық табысталды.
ҚТЖ мәліметінше, Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген және –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
«Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушылардың жайлылығы үшін климаттық бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың жол жүруіне арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамына вагон-буфет те кіреді», делінген хабарламада.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдады. Келісімшарт 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізуді, кейіннен сервистік қызмет көрсетуді көздейді.
Stadler вагондарының келесі құрамы 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағытына шығады. Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол кассаларынан алуға болады.
Еске салайық, 5 қарашадан бастап Астанадан Алматы мен Семейге қатынайтын жаңа Stadler вагондарынан жасақталған пойыздарға билет сату басталатыны туралы хабарлаған едік. Бұған дейін жаңартылған Маңғыстау теміржол вокзалы іске қосылғанын да жазғанбыз.
Мазмұнға өту
