Сурет: Egemen Qazaqstan
Елімізде жасалған Stadler вагондары тұңғыш рет жолаушылар тасымалына қосылады. Климатқа бейімделген жаңа вагондар әзірге «Астана – Алматы» және «Астана – Семей» бағыттарында жүреді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, отандық зауыттан шыққан вагондар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойыздарына қосылған. Алғашқы құрамдар елордадан 11 және 13 қарашада жолға шығады. Билеттер кешеден бастап сатыла бастады.
Жаңа вагондар Астанадағы Stadler Kazakhstan зауытында өндірілген. Оларды жасау кезінде еліміздің климаттық ерекшеліктері мен қазіргі талаптар ескерілген. Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 56 адамға лайықталған.
Вагондардың ішкі жабдықталуына да көңіл бөлінген: ауа температурасын реттейтін жүйе, әр орынға жеке жарық шамы, 220 В рәзеткілері, USB және USB-C ұяшықтары қарастырылған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да жағдай жасалған. Пойыз құрамында буфет вагондары бар.
«Бүгінге дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдап алды. Оларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын арттыруға жәрдемдеседі. Вагондар паркін жаңарту – компания жұмысының негізгі бағыттарының бірі», деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын жүреді. Ол Нұрлы жол стансасынан 13.10-да аттанып, келесі күні 08.30-да Алматы-2 стансасына жетеді. Кері бағытта Алматыдан 12.12-де шығып, келесі күні 07.03-те Астанаға келеді.
№153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы айдың тақ күндері қатынайды. Елордадан 16.40-та жолға шығып, келесі күні 06.10-да Семейге жетеді. Семейден кері қайтатын пойыз 15.00-де аттанып, ертеңіне 05.05-те Нұрлы жол стансасына тоқтайды.
Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан, вокзал кассаларынан және өзге сайт қосымшаларынан сатып алуға болады. №3/4 пойызында плацкартта астыңғы орын 16 742 теңге, үстіңгісі 14 094 теңге тұрады. Купеде астыңғы орын 24 754 теңгеден, үсті 20 394 теңгеден сатылуда. Вагондар толық жаңармағандықтан, ескі вагондар да жұмысын жалғастырады. Жолаушылар шатаспауы үшін жаңа вагондардың тұсына «штадлер» белгісі қойылған.
Stadler вагондарын жолаушылар тасымалына енгізу жобасы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – теміржол тасымалының қауіпсіздігі мен сапасын арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау.
Мазмұнға өту
