Сурет: Ақ Жайық
Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша үкім жариялау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған бес баласына қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, сот балалардың алдағы қамқорлығы мен оларды орналастыру мәселесін Атырау облысының Білім басқармасына жүктеген.
«Сонымен қатар Қызылқоға ауданы әкімдігіне Жангелдин ауылында қаза тапқандардан қалған тұрғын үйге мұрагерлік құқықты рәсімдеу тапсырылды. Бұл балалардың мүліктік мүдделерін қорғау үшін қажет», — деді Зарема Хамидуллина.
Сұлтан Сәрсемалиевтің бес баласы бар, оның кенжесі 2025 жылы дүниеге келген. 2026 жылғы 3 ақпанда аудандық кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия балаларды мемлекеттік қамқорлыққа беру туралы шешім қабылдаған. Оған дейін балаларды сотталушының анасы тәрбиелеп келген.
Кейін үш үлкен бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал бір және үш жастағы екі бала мамандандырылған балалар үйіне орналастырылған.
Еске сала кетейік, бір отбасының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Атырау облысының Жангелдин ауылында болған. Сол кезде отбасының төрт мүшесі – ата-анасы, ұлы мен қызы із-түзсіз жоғалып кеткен. Айыптау тарапының мәліметінше, күдікті өзіне күмән туғызбау үшін туыстары емделуге кетіп қалған деген ақпарат таратқан.
Ақпан айының соңында Сәрсемәлиев жұбайымен бірге Индонезиядағы Бали аралында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған. Қайта жүргізілген тергеу барысында ол кінәсін мойындап, әйелінің екі бауырының мәйіттері жасырылған орынды көрсеткен.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сәрсемәлиевті кісі өлімінен бөлек алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған.
Мазмұнға өту
