Басты тақырып

Солтүстік Қазақстан тұрғындары Президентке алғыс хат жолдады

Сурет: Ақорда

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Мемлекет басшысына алғыс хат жолдап, онда Президенттің халыққа арналған Жолдауын қолдайтындарын жеткізген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Хатта өңір халқы облыстағы тауарлы сүт фермаларын салу тәжірибесінің Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланғанын атап өткен. Олар мұны ауыл еңбеккерлерінің маңдай теріне, іскерлігіне және туған жерге деген адалдығына берілген баға деп қабылдайды.

Сонымен қатар Жолдаудағы Көкшетау – Петропавл автожолын кеңейту туралы шешімді қуана қабылдаған. Тұрғындар бұл бастама адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға, Ресейдің бірқатар облыстарымен шектесетін өңір үшін транзиттік әлеуетті арттыруға септігін тигізеді деп сенеді.

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан жұртшылығы «Халықтық құрылыс» бағдарламасына үлкен үміт артады. Азаматтар аталған жоба әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі ілгерілетуге, құрылыс саласын қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретініне сенімді.

«Біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтамыз және Солтүстік Қазақстан облысының ортақ іске қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз. Сіз айқындаған міндеттерді қолдай отырып, туған өлкеміздің игілігі үшін еңбек етуге, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа және еңбекқорлыққа тәрбиелеуге әрдайым дайынбыз», делінген хатта.

Өңір халқының атынан хатқа Құдайберген Қалиев, Анатолий Башмаков, Геннадий Зенченко, Мұрат Қаражұманов, Ескендір Елеусізов, Владимир Бубенко, Серік Малаев, Ерік Сұлтанов, Серік Біләлов, Раиса Полищук сияқты елімізге және өңірге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері қол қойған.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында құрылған жұмыс топтары өңір тұрғындары және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Жолдаудың міндеттері мен ірі жобаларды талқылау Ұлытау облысы мен Шымкент қаласында да өтті.

Көп оқылғандар