Жайық news

Шымкенттегі балабақшада шу: Тәрбиеші бүлдіршіндерді шприцпен қорқытқан

Шымкенттегі №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасында тәрбиешінің бірі бүлдіршіндерді шприцпен қорқытып, оларға қол көтергені туралы ақпарат тарады. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналардың ашу-ызасына тиді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Жаға ұстатарлық жағдай қаланың Тұран ауданында орналасқан бөбекжай-балабақшада болған. Қалалық білім басқармасы бұл жайтты растап, қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын тексеріп жатқанын мәлімдеді.

«Балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Р.М.-ның балаларға психологиялық және физикалық қысым көрсеткені, атап айтқанда шприцпен қорқытып, қол жұмсағаны туралы ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты құқық қорғау органдары, салалық басқармалар, ата-аналар мен балабақша қызметкерлерінің қатысуымен шұғыл жиналыс өтті. Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», — деді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Күлзина Уәлиханова.

Басқарма өкілінің айтуынша, тексеріс қорытындысы толық шыққаннан кейін кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.

Фото: Видеодан алынған кадр

Көп оқылғандар