Сурет: Kyodo
Швецияда ғалымдардың ескертуінен кейін мектептерге қағаз оқулықтар қайта енгізіле бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ел билігі білім беруді цифрландыру бағытын қайта қарап, баспа материалдарын сатып алуға бөлінетін қаржыны арттыруда. Стокгольмдегі мектептердің бірінде төртінші сынып оқушылары қағаз кітаптарды оқып, мәтіндерді дауыстап айтады. Мұндай сабақтар жиілеп келеді.
— Экраннан оқығанда басым жиі ауырады. Ал қағаз кітаптарды оқығанда зейінімді жақсырақ шоғырландыра аламын, — дейді оқушы Эмилия.
Цифрлық құрылғыларды жаппай енгізу 2010 жылы басталған. Алайда 2018-2022 жылдар аралығында PISA зерттеуі оқушылардың оқу сауаттылығы мен математика бойынша көрсеткіштерінің төмендегенін көрсеткен. Үкімет тапсырысымен жүргізілген зерттеу цифрлық құрылғыларды шамадан тыс пайдалану балалардың зейін қою қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін анықтады.
2023 жылы билік білім беру саясатын түзетіп, бастауыш сынып оқушыларына қағаз оқулықтар мен баспа материалдарын пайдалану ұсынылды. Мемлекет жыл сайын 658-755 миллион швед кронасын (шамамен 70-80 миллион доллар) бөледі. Қағаз оқулықтарға қайта оралу бірқатар елдердегі кері үрдіс аясында жүзеге асып жатыр. Мысалы, Жапонияда цифрлық оқулықтарды ресми бекіткен заң қабылданды.
— Бұл шешім миы әлі қалыптасу кезеңіндегі кішкентай балалардың цифрлық құрылғылардың әсеріне ерекше осал болуы мүмкін екенін көрсеткен зерттеулерге сүйене отырып қабылданды, — деді парламенттің білім комитетінің төрағасы Йоар Форсселль.
Сарапшылар оқушылардың үлгерімінің төмендеуін тек цифрлық технологиялармен байланыстыруға болмайтынын айтады. Ықтимал себептердің қатарында демографиялық өзгерістер мен мигрант отбасыларынан шыққан балалардың қиындықтары да бар. 2010 жылдардың ортасынан бері Швеция Сирия, Ауғанстан және Африка елдерінен келген босқындар мен мигранттарды қабылдады. Бандхаген мектебінің директоры Пиа Нистрем барлық мәселенің себебін технологиялардан іздеу дұрыс емес деп есептейді.
— Ең бастысы — цифрлық және дәстүрлі оқыту әдістерінің арасындағы дұрыс тепе-теңдікті табу, — деп атап өтті ол.

