Қоғам

Шетелдіктер ЖСН-ді QazETA арқылы онлайн рәсімдей алады

Сурет: ult.kz

Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) онлайн ала алады. Жаңа қызмет QazETA қосымшасы арқылы көрсетіледі, өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Пилоттық жоба Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 2 қарашадағы №825 бұйрығымен бекітілген.

Өтініш беруші жеке деректерін өңдеуге келісім беруі, төлқұжатының немесе жеке куәлігінің суретін жүктеуі және биометриялық тексеруден өтуі қажет. Содан кейін жүйе адамның Қазақстанға заңды түрде кіргенін тексереді. Өтініш беруші туған жері, байланыс нөмірі және ұлты туралы мәліметтерді енгізіп, өтінішін жібереді.

Ішкі істер министрлігінің мамандары құжаттарды тексеріп, бұрын ЖСН берілген-берілмегенін анықтайды. Барлық талап орындалса, өтініш берушіге ЖСН беріледі.

Өтініштің мәртебесін және дайын құжатты QazETA қосымшасындағы MAQ платформасы арқылы көруге және жүктеп алуға болады. Құжаттарда қате немесе жалған мәліметтер анықталса, қызмет көрсетуден бас тартылады.

Бұған дейін Қазақстан билігі шетелдіктерге ЖСН беру қызметін онлайн форматқа көшіруді жоспарлаған болатын. Сондай-ақ өтініш берушілер туралы мәліметтер иммигранттардың эталондық деректер базасы арқылы тексерілуі мүмкін екені жазылған.

Көп оқылғандар