Сурет: видеодан скриншот
Қазақстан арқылы Өзбекстанға велосипедпен өтпек болған шетелдік саяхатшылар Бейнеу станциясында тосын жағдайға тап болды. Билеттері болса да, оларды велосипедтерімен пойызға отырғызбай қойды. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Instagram-да видео жариялаған саяхатшының айтуынша, ол серігімен бірге Маңғыстау облысы арқылы Қазақстаннан Өзбекстанға өтпек болған. Жеке көліктерге арналған шекара өткелі жабық болғандықтан, олар пойызбен өтуді жоспарлаған. Қажетті пойыздарға билет таппай, Шымкентке дейін билет алып, әрі қарай жол жүру мүмкіндігін күткен.
Алайда сапар күні тағы бір қиындық туындады. Пойызға велосипедтерді кіргізуге рұқсат берілмей, саяхатшылар вагоннан шығуға мәжбүр болды. Саяхатшының сөзінше, олар велосипедтерді тасымалдау мүмкіндігін алдын ала сұрап, ешқандай проблема болмайтынын айтқан.
«Біз пойызға отырғымыз келді. Велосипедтер үлкен мәселеге айналды. Бізді пойыздан түсіріп жіберді. Мен қатты ашуландым», – деп жазды саяхатшы.
Видеода теміржол қызметкерлерінің жолаушылардың заттары мен велосипедтерін вагоннан түсіруге көмектескені көрінеді. Осыдан кейін шетелдіктер Бейнеуде қалып, сапарын қалай жалғастыруды ойластырды.
Оқиға әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды. Кейбір қолданушылар теміржол қызметкерлерінің әрекетін қолдап, саяхатшылардың багажы көп болғанын атады. Енді біреулер велосипед тасымалдау ережелерін алдын ала нақтылау керектігін айтты.
Ал видео авторы бұл сынмен келіспей, олардың дәл осы себепті алдын ала сұрап, велосипедтермен платформаға келуге болатыны туралы жауап алғанын жеткізді. Кейін саяхатшы оқиғаға қатысты асығыс қорытынды жасамауды өтініп, бұл жағдайдың Қазақстан туралы жалпы әсерін білдірмейтінін атап өтті.
«Біз бәріміз адамбыз, түсініспеушіліктер болады. Менің тарапымнан ешқандай өкпе жоқ», – деп жазды ол.
Сондай-ақ шетелдік саяхатшы жағдайды шешуге көмектескен жергілікті әйелге алғыс айтып, оның неміс, қазақ және орыс тілдерінде сөйлегенін атап өтті.
Бейнеу арқылы Өзбекстанға өту мәселесі «Тәжен – Дәуіт Ата» автокөлік өткізу бекетіндегі шектеулерге байланысты. Бұл бекет қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты жеке тұлғалар, жеңіл көліктер мен автобустар үшін жабылған. Ал жолаушылардың шекарадан өтуі үшін «Бейнеу – Қарақалпақия» теміржол бағыты қарастырылған. Бейнеу станциясы арқылы Нүкіс – Бейнеу – Нүкіс халықаралық бағыты өтеді.
