Сурет: Egemen Qazaqstan
Ауыл шаруашылығы министрлігі шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс шараларын толық аяқтады. Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті жаңғырту, заманауи мониторинг технологияларын енгізу және қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру нәтижесінде химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарып, 42 пайызға азайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ. Биыл химиялық өңдеу жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес 1,8 млн гектар алқапта жүргізілді. Барлық іс-шаралар Үкіметтің фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде қолға алынды.
Реформалаудың басым бағыттарының бірі – өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуден бастап, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын сатып алудың бірыңғай кешенді форматына көшу. Бұл түпкілікті нәтижеге жауапкершілікті нақты бір мердігерге жүктеуге, қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру сапасын арттыруға және олардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2026 жылы бюджет шығыстары 2 млрд теңгеге немесе 2024 жылмен салыстырғанда 25 пайызға қысқарды.
Саланы жаңғыртудың тағы бір маңызды қадамы – цифрлық трансформациялау. Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты уақыт режимінде фитосанитариялық ахуалды бақылауды, зерттеу нәтижелерін цифрлық форматта тіркеуді, зиянкестердің таралу ошақтарын бақылауды және жедел шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Сонымен қатар материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылды. Мониторинг жүргізу және химиялық өңдеу жұмыстарын орындау үшін, оның ішінде жетуі қиын аумақтарда пайдаланылатын 103 пилотсыз ұшу аппараты сатып алынды. Бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін ұлғайтылып, қорғаныс іс-шараларын жүргізудің жеделдігі едәуір артты.
Қабылданған шешімдер тиімділігін дәлелдеді. Химиялық өңдеу алаңының 42 пайызға қысқаруы зиянкестердің таралу ошақтары ерте кезеңде анықталып, уақтылы оқшауланатынын көрсетеді. Соның нәтижесінде қорғаныс шаралары неғұрлым нысаналы жүргізіліп, шығындар азайып, мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігі артты.
Қазіргі уақытта шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты. Шегіртке зиянкестерінің көшу жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық қажетті техника шекара маңындағы аумақтарға шоғырланған және қорғаныс іс-шараларын жедел жүргізуге дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Мазмұнға өту
