Спорт

Шайдоров Олимпиада алтынынан кейінгі қиындықтарды айтты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін жаттығуға қайта оралудың қиын болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Спортшының сөзінше, басты жарыстағы жеңістен соң мұзға шығу оңайға түспей жүр.

«Олимпиада алтынынан кейін сырғанау өте қиын. Жалпы, жаттығуға шығудың өзі ауыр. Кейде бәрін автоматты түрде істеп жүргендей боласың. Олимпиада медалі бейсаналы түрде босаңсытуы мүмкін. Бәлкім, Олимпиадалық маусымнан кейін әлі толық қалпыма келмеген шығармын», деді ол «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында.

Дегенмен Михаил Шайдоровтың алдына қойған мақсаты айқын: ол мәнерлеп сырғанаушы ретінде дамуды, мұздағы техникасын жетілдіруді және хореографияға көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бағдарламаларында жаңа образдар жасап, көрерменге ерекше қойылымдар ұсынғысы келеді. Оның айтуынша, бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп.

Айта кетейік, Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында Норвегия 18 алтын, 12 күміс, 11 қола медальмен көш бастады. АҚШ құрамасы 12 алтын, 12 күміс, 9 қоламен екінші орында. Үздік үштікті 10 алтын, 7 күміс, 3 қола иеленген Нидерланды түйіндеді. Қазақстан 1 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте 19-орын алды – бұл 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасынан кейінгі үздік нәтиже (12-орын). Миланда жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды. Ол – осы спорт түрінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш отандасымыз.

Көп оқылғандар