Сурет: ҰОК
Қазақстандық семсерлесуші Ирина Бакалдина Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. 28 жастағы спортшы әйелдер арасындағы сайыста қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Финалдық кездесуде Ирина Бакалдина Гонконг өкілі Се Кэйлин Синь Янмен күш сынасып, 15:12 есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалда ол әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы әрі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Оңтүстік Корея спортшысы Сон Се Раны ұтты.
Осылайша Ирина Бакалдина Қазақстан құрамасына Азия чемпионаты-2026 турниріндегі алғашқы алтын медальді алып берді. Бұған дейін еліміздің атынан сынға түскен семсерлесуші Руслан Құрбанов Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Сондай-ақ ол Германиядағы әлем кубогін жеңіп алған.

