Қоғам

Сауда министрлігі онлайн сатуға тыйым салынған тауарлардың тізімін жасады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда алаңдарында орналастыруға және сатуға тыйым салынған немесе шектелген тауарлардың бірыңғай тізбесін әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, тізбе «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес жасалған. Құжатқа мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде ұсынған ақпарат енгізілген.

Тізімде Қазақстан заңнамасына сәйкес ел аумағында айналымына толық тыйым салынған немесе шектеу қойылған, оның ішінде интернет арқылы сатылатын тауарлар қамтылған.

Ведомствоның айтуынша, бұл тізбе электрондық сауданың ашықтығын арттырып, маркетплейстер, интернет-дүкендер мен сатушыларға қолданыстағы заң талаптарын сақтауға көмектеседі.

Сонымен қатар, құжат электрондық сауда платформаларына тауар карточкаларын тексеру кезінде бірыңғай талаптарды қолдануға, ал сатушыларға өз өнімдерін сауда алаңдарына орналастырмас бұрын заң талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.

Министрлік тізбенің ақпараттық-анықтамалық сипатта екенін атап өтті. Құжат заңнаманы алмастырмайды, тек қолданыстағы талаптарды жүйелеп, оларды пайдалануды жеңілдетуге арналған.

Ал заң бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілікке тарту ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.

Сауда және интеграция министрлігі заңнамадағы өзгерістерге және мемлекеттік органдардан жаңа ақпараттың түсуіне қарай бұл тізбені тұрақты түрде жаңартып отыратынын хабарлады.

Бірыңғай тізбемен министрліктің ресми сайтындағы электрондық сауда бөлімі арқылы танысуға болады.

Көп оқылғандар