Саясат

Сарапшы: Құрылтай құрамы айтарлықтай жаңаруы мүмкін

Сурет: Egemen Qazaqstan

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы елдің саяси жүйесіндегі маңызды қадамдардың бірі болмақ. Биылғы сайлау партиялық тізімдердің жаңаруы, жаңа есімдердің көбеюі және мандаттарды бөлудің пропорционалды жүйесіне қайта оралуымен ерекшеленеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер заң шығару үдерісінің сипатына тікелей әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры, саясаттанушы Риззат Тасым алдағы сайлаудың ықтимал нәтижелеріне қатысты өз бағасын ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі ұсынылған партиялық тізімдердің өзі айтарлықтай кадрлық жаңарудың алғышартын көрсетіп отыр.

«Меніңше, алдағы сайлау нәтижесінде Құрылтай құрамы айтарлықтай жаңаруы мүмкін. Өйткені жеті партия ұсынған 546 кандидаттың тек 51-нің, яғни 9,34%-ның бұрынғы Парламент шақырылымдарында депутаттық тәжірибесі бар. Әрине, олардың нақты қаншасы сайлау қорытындысы бойынша мандат иеленетіні әзірге белгісіз. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі болашақ Құрылтай құрамында жаңа есімдердің басым болуы ықтимал екенін аңғартады», — дейді Риззат Тасым.

Сайлауға жеті саяси партиядан 546 кандидат ұсынылды. Бүгінде барлық партиялық тізімдер уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданып, Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өтіп жатыр. 23 шілдеден бастап партиялар толыққанды сайлауалды үгіт-насихат кезеңіне көшеді.

Көп оқылғандар