Сурет: Egemen Qazaqstan
Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжанов рақымшылықпен босатылуы мүмкін. Бұл туралы оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаушының айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия актісі оның қорғауындағы азаматқа қолданылған.
«Байжанов сот отырысына онлайн форматта қатысты. Сот қаулысы түзеу мекемесіне түскен бойда оны бірден босатуы тиіс. Сот отырысы Степногорск қалалық сотында өтті», деді Ғазиз Ынтықбаев.
Қуандық Бишімбаев марқұм әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен қинап өлтіргені үшін 2024 жылдың 13 мамыры күні 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның қылмысын жасырды деп айыпталған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.
Бұған дейін Степногорск қалалық соты Бақытжан Байжановтың Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бірқатар сотталған азаматтарға, соның ішінде Қуандық Бишімбаев, Кәрім Мәсімов және Перизат Қайратқа рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Мазмұнға өту
