Сурет: Egemen Qazaqstan
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары С.Егізбаев партияның кезектен тыс XXVI съезінде ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен алдағы басымдықтар туралы айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, партия мен Үкіметтің бірлескен жұмысының арқасында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай өскен. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 11 есеге артып, 2021 жылғы 140 миллиард теңгеден биыл 1,5 триллион теңгеге жеткен.
С.Егізбаев партия бастамасымен құрылған Су ресурстары министрлігі су саласындағы басқаруды жақсартқанын атап өтті. Жаңа Су кодексі қабылданып, фермерлерге еріген қар суын жинаудағы бюрократиялық кедергілер жойылған. Қазір шаруалар екі миллион текше метрге дейін еріген қар суын еш кедергісіз жинай алады.
Съезде партияның әлеуметтік бастамалары да жарияланды. І және ІІ топтағы мүгедектер үшін салық салынбайтын табыс мөлшері алты есеге ұлғайтылып, Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заң қабылданған. Сондай-ақ әскери қызметшілердің өтініші бойынша сарбаздардың азық-түлік үлесінің құны 40 пайызға көтерілген.
С.Егізбаев партияның жаңа сайлауалды бағдарламасы жеті негізгі басымдықтан тұратынын айтты: әділетті мемлекет құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, білім мен ғылымды қолдау, дәстүрлі отбасы институтын нығайту және экологиялық тұрақты даму.
Бағдарлама аясында ауыл үшін мамандандырылған Агробанк құру, өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, жас мамандарға арналған ауылдық ипотеканы дамыту және ауылға кадр тарту жоспарланған.
Біздің сайлауалды бағдарламамыз – барша отандастарымыздың мүддесі мен тілегіне негізделген нақты және тексерілген іс-қимыл жоспары, – деді С.Егізбаев.

