Басты тақырып

Риддер тұрғыны өзен жағасынан XIX ғасырдың сирек револьверін тауып, полицияға тапсырды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Риддер қаласының 43 жастағы тұрғыны Громотуха өзенінің жағасында серуендеп жүріп, XIX ғасырға тиесілі сирек револьверді байқап, оны өз еркімен полицияға өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Азамат табылған қарудың заңсыз сақталуы жауапкершілікке әкелетінін түсініп, оны Риддер қалалық полиция бөліміне тапсырған. Қару заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде өткізу жөніндегі республикалық акция аясында қабылданды.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы жүргізген сараптама нәтижесінде қарудың 8 миллиметрлік Лефоше жүйесіндегі револьвер екені анықталды.

Лефоше жүйесіндегі револьверлер XIX ғасырдың соңындағы аңызға айналған қару. Штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты оның атысқа жарамдылығын анықтау мүмкін болмағанымен, сарапшылар заттың зауыттық шығу тегін және тарихи құндылығын растады. Бұл табылған «өткен шақтың сынығы» құқық қорғау органдарына дер кезінде өткізілген сирек кездесетін жағдай, — деп атап өтті криминалистер.

Қазіргі уақытта бұл құнды жәдігер есепке алынды. Полиция еске салады: заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.

Көп оқылғандар