Categories Саясат

Respublica партиясы сайлауалды науқанға ресми түрде кірісті

Сурет: Respublica партиясы

Астанада Respublica партиясының кезектен тыс съезі өтті. Оған партия басшылығы, орталық және өңірлік кеңестердің мүшелері, филиал төрағалары, депутаттар, сондай-ақ Respublica Jastary және ReWomen қауымдастықтарының белсенділері қатысты. Делегаттар партияның алдағы даму бағытын айқындап, алдағы электоралды кезеңге қатысты негізгі шешімдерді қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Съезде партияның үш жылдағы жұмысы қорытындыланды. Осы уақыт ішінде Respublica өз бағдарламасын заң шығару қызметі, қоғамдық бастамалар және өңірлік желіні дамыту арқылы жүйелі түрде іске асырды. Партия депутаттары ондаған заңнамалық бастама көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, азаматтардың 12 мыңнан астам өтінішін қарады, жастар мен әйелдерге арналған ірі білім беру жобаларын жүзеге асырып, партияның кадрлық резервін қалыптастырды. Делегаттар партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдады. Құжат жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, партияішілік басқару жүйесін жетілдіруге, орталық аппарат пен өңірлік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ашықтық пен ішкі партиялық демократияны күшейтуге бағытталған. Өзгерістер қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуді, өңірлік ұйымдардың рөлін арттыруды және кадрлық рәсімдерді жетілдіруді көздейді.

Съездің негізгі шешімдерінің бірі – Respublica партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Құжат «Азаматтың игілігі – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел» қағидатына негізделген. Бағдарлама кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, цифрландыру, құқықтық институттарды нығайту, адами капиталды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты бастамаларды қамтиды.

«Қазақстанның басты байлығы – жер қойнауындағы қазба байлық емес, оның адамдары. Біз экономиканы тыңдайтын, жаңа салаларды қолдайтын және адал бәсекені қорғайтын мемлекет құру үшін жұмыс істейміз», деді партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.

Партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова бағдарламаның индустриялық блогын таныстырып, нақты секторды қолдау басымдықтарына тоқталды.

«Мен машина жасау саласында жұмыс істеймін және қазақстандық өндірушілердің күнделікті кездесетін мәселелерін жақсы білемін. Сондықтан базалық салаларды дамытуға арналған нақты әрі есептелген шешімдер қажет», деді ол.

Съезде сайлауға қатысатын Respublica партиясының кандидаттар тізімі де бекітілді. 76 кандидаттан құрылған тізім жаңару, кәсібилік және кең қоғамдық өкілдік қағидаттары негізінде жасақталған. Кандидаттардың орташа жасы – 40,9 жас. Тізімге 44 ер азамат, 32 әйел, 11 жас, мүгедектігі бар 3 азамат, сондай-ақ PolitIQ мектебі мен партияның кадрлық резервінен шыққан 10 түлек енді. Делегаттар партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттік мерзімін тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдап, Бақылау-тексеру комиссиясының жаңартылған құрамын бекітті.

Съезд қорытындысында партия басшылығы Respublica ұйымдастырушылық қалыптасу кезеңін аяқтап, жаңа сайлауалды бағдарламамен, кәсіби командамен және елді дамытуға арналған нақты ұсыныстармен саяси дамудың келесі кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан аятолла Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты

ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасуға арналған…

Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өтті

Қоғамдық келісімді нығайту және конституциялық реформаларды ілгерілету бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында үкіметтік емес…

Ермек Көшербаев Иран көшбасшысымен қоштасу рәсіміне қатысты

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты.