Саясат

Respublica партиясы Құрылтай сайлауына 76 кандидат ұсынды

Сурет: Respublica партиясы

Respublica партиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімін тапсырды. Тізімге барлығы 76 кандидат енгізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжаттарды партия төрағасының орынбасары – Орталық аппараттың басшысы Жанат Ысқақов тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы аппаратының басшысы Әлия Ғалымова бастаған комиссия құжаттарды қабылдап, партия өкілдерін тізімнің ресми ұсынылуымен құттықтады.

«Бүгін біз үшін сайлау науқанындағы маңызды кезең басталды. Сайлау науқанының барлық кезеңінде мемлекеттік органдармен және өзге де мүдделі құрылымдармен сындарлы ынтымақтастық орнатып, Құрылтай сайлауының заң талаптарына сәйкес әрі ашық өтуіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз», деді Жанат Ысқақов.

Кандидаттардың орташа жасы – 41, ең жасы – 27, ал ең егдесі – 55 жаста. Партиялық тізімнің басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Сондай-ақ тізімге мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор, білім беру, агроөнеркәсіп кешені, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енген. Кандидаттардың толық тізімі партияның ресми сайтында жарияланған.

Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.

Көп оқылғандар