Сурет: Egemen Qazaqstan
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қалалық округіне қарасты Пэншуй уезінде ірі жер көшкіні болды. Таудан опырылып түскен жер массасы тау етегіндегі тұрғын ауданға құлап, 10-нан астам үйді толық қиратты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құтқарушылар үйінді астынан 10 адамды аман алып шықты. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр. Үйінді астында қанша адам қалғаны әлі нақтылануда.
Трагедияның ауқымдылығына қарамастан, одан да ауыр зардаптың алдын алуға коммуналдық қызметкердің қырағылығы себеп болды. Ол таңғы 08:00 шамасында тау жақтан тас құлай бастағанын байқап, дереу дабыл қаққан. Соның арқасында бір сағат ішінде қауіпті аймақтан 1100-ден астам тұрғын эвакуацияланды.
Қауіпсіздік мақсатында көшкін болған аумақтан 1 шақырым радиуста электр қуаты, газ және су беру уақытша тоқтатылды. Бұл жарылыс пен өрттің алдын алу үшін жасалған.
Қазір апат орнында 800 құтқарушы, геологтар және ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар тау беткейінің әлі де тұрақсыз екенін айтып, қайталама көшкін жүру қаупі сақталып отырғанын ескертті.
Мазмұнға өту
