Сурет: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Еліміздің өңірлерінде мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 19,8 млн тонна мал азығын дайындап үлгерді, бұл қысқы қорада ұстау кезеңіне қажетті жоспарлы пішен көлемінің шамамен 77 пайызын құрайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 17,1 млн тонна пішен, 1,5 млн тонна пішендеме, 362,3 мың тонна құрама жем, 91,7 мың тонна сүрлем және 777,2 мың тонна сабан дайындалған.
Қысқы кезеңге жемшөп қорын қалыптастыру және сақтандыру қорын жасау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна жемдік астық қорын жинады. Бұл қор қажет болған жағдайда өндірушілерді жемшөппен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
«Мал азығын дайындау науқаны еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. 2026-2027 жылдардағы қысқы малды қорада ұстау кезеңіне дейін 25,7 млн тонна пішен, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құрама жем дайындау жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Еске салайық, былтыр 39,8 млн тонна мал азығы жиналғаны туралы хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
