Сурет: ДСМ
Биыл қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Осы күннен кейін өндірілген немесе елге әкелінген барлық өнім Data Matrix кодымен белгіленуі тиіс, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ББҚ-ны міндетті қадағалау жүйесі 2027 жылғы 1 наурызда толық іске қосылады. Осы сәттен бастап өнім айналымы толығымен электрондық құжатпен жүргізіліп, тауар нарыққа қатысушылар арасында берілгенде әрбір операция расталуы керек.
Цифрлық таңбалау аясында өнімнің әрбір данасына бірегей Data Matrix коды беріледі. Код қаптамаға түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Бұл өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңдердегі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Мемлекет бұл шара ББҚ-ның нарықтағы айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал бизнесті жосықсыз бәсекеден қорғауға және заңбұзушылықтарды уақтылы анықтауға көмектеседі деп санайды. Таңбалау нарықтың жеткілікті бөлігін қамтығаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алатын ББҚ-ның заңдылығын өз бетінше тексере алады.
ББҚ айналымымен айналысатын компанияларға Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚЦЖ) tanba.markirovka.kz порталында тіркелу қажет. Сондай-ақ тауар карточкаларын жүйеде алдын ала тіркеуді бастау керек.
«Тіркелген тауар карточкалары жаңартудан өтеді, оған белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты нарыққа қатысушыларға тіркеуді кейінге қалдырмау ұсынылады. Бұл талап күшіне енгенге дейін жаңарту рәсімін аяқтап, таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген, таңбаланбаған ББҚ қалдықтарын айналымға қатысушылар белгіленген тізбеге сәйкес олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізе алады», делінген ақпаратта.
Биыл 1 ақпаннан бастап кегтер мен бөтелкелерде шығарылатын сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау басталды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қаңылтыр банкілердегі сусындар таңбаланады. Айналымға енгізілгенге дейін әрбір тауар бірлігіне Data Matrix коды қойылуы тиіс.
Мазмұнға өту
